Қадірі мың айдан да артық болған Қадір түнінің ұлықтығы жайлы Құранда: «Негізінен Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Әй, Мұхаммед!) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы. Періштелер және Жебірейіл ол кеште Раббысының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші таң рауандағанға дейін жалғасады» («Қадыр» сүресі, 1-5-аяттар), ‒ делініп, арнайы сүреде баян етіледі. Яғни, Қадыр түні – Мұхаммед Пайғамбардан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кейінгі үмбетке қатысты Алла ардақтаған уақыт. Және Қадыр түні Мұхаммед Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) түсірілген Құранмен байланысты. Алайда, ел арасында Қадыр түні мен Мұса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) заманында өмір сүрген Қызыр (Хидр) Пайғамбарды (оған Алланың сәлемі болсын) байланыстыратын көптеген жансақ түсінік пайда болған. Бұл түні Қызыр (оған Алланың сәлемі болсын) келіп, ел аралап, тілектерді орындайды-мыс. Дастарқан жайып оны күтіп отыру керек екенбіз... Бұл әңгіме ақиқат ауылына қаншалықты жақын? Қызыр деген кім? Ақ сақалды ата ма? Әлде пайғамбар ма? Қызыр деген кім және қай заманда өмір сүрген? Ғалымдар арасында Қызырдың кім екендігіне байланысты бірнеше пікір бар. Алайда, ең дұрыс пікір бойынша, оның пайғамбар екендігіне көз жеткіземіз. Себебі, Алла Тағала оған ғайып туралы білім берген. Түсініктірек болу үшін Құрандағы «Кәһф» сүресіндегі оқиғаны қысқаша баяндап шығайық: Бірде Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) Исраил ұлдары арасында уағыз айтып тұрғанда: «Сізден де асқан хикмет пен ілім иесі бар ма?», – деген сұрақ қойылады. Мұса Пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын): «Білмедім, жоқ шығар», – деп жауап қатқанда, көктен уахи түсіп, бір ізгі жанның (Қызырдың) ілім жағынан артық екені әрі оның Мәжмаул-бахрайнда (екі теңіздің қосылған жерінде) екені білдірілген. Қызырмен сол жерде жолығады. Осыдан кейін Мұса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) әйгілі сапары басталды. Қызыр (оған Алланың сәлемі болсын) сапар кезінде кездескен оқиғаларға Мұса Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) шыдай алмайтынын еске салып, одан сабыр етем деген уәде алған («Кәһф», 66-70). Әуелі теңіз жағалауына барып сапарлау үшін бір кемеге мінеді. Қызыр (оған Алланың сәлемі болсын) дереу бір балта тауып, әлгі кемені зақымдайды. Сонымен қатар, сапар кезінде ойнап жүрген бір баланы өлтіреді. Соңында бір ауылға жетіп, халықтан тамақ сұрады. Ешкім оларды қонақ еткісі келмеді. Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) мен ізгі құл сол жерде жығылайын деп тұрған қабырғаны көрді. Ізгі құл дереу оны дұрыстады. Қызыр да Алладан уахи алады, демек... Мұса (оған Алланың сәлемі болсын) үш жағдайға да сабырлық таныта алмайды. Осы үш оқиғадан кейін Қызыр оған барлық әрекетінің мән-жайын түсіндіреді, әрбірінің түбінде жақсылық, даналық жатқан болып шығады. Сөзінің соңында: «Бұл Алланың жақсылығы. Мен бұларды өз қалауыммен, білгеніммен емес, Алланың бұйрығымен атқардым» дейді. («Kәһф», 82). Соңғы келтірілген аяттан Қызырдың (оған Алланың сәлемі болсын) Алладан уахи алатындығына анық дәлел бар. Яғни, ол барлық әрекетін Алланың бұйрығымен жасады. Алла Тағала Қызыр туралы (оған Алланың сәлемі болсын) «Кәһф» сүресінің 65-аятында: «Сонда екеуі Біз оған Өзімізден мейірім берген және Өзімізден білім үйреткен құлдарымыздың бірін тапты» деп баяндайды. Уахи тек пайғамбарларға ғана беріледі! Пайғамбарлар білімді қарапайым адамдардан үйренбейді Екіншіден, ғалымдар пайғамбарлардың қарапайым адамдардан білім алмайтындығын айтады. Ал Мұса соншалықты үлкен сапарды білім үйрену үшін өткерді емес пе? Ол пайғамбар басымен Қызырға бармас еді. Бір заманда бірнеше пайғамбарлардың өмір сүргендігін ескерсек, Қызыр мен Мұсаның бір заманда өмір сүрген Алланың таңдаулы құлдары, яғни, пайғамбарлары екендігіне таласымыз болмауы қажет. Қызыр әлі күнге дейін тірі ме? Екінші бір жігін ажырату керек мәселе – қаншама ғасыр бұрын өмір сүрген Қызыр біздің ғасырдағы оқиғалардың кейіпкеріне қалайша айналды? Ол әлі күнге дейін тірі болғаны ма? Құран мен сүннетте Қызырдың тірі екендігіне ешқандай дәлел жоқ. Ибн Хаджар әл-Асқалани дәл осы тақырыпқа байланысты "Әз-заhрун-надир фии haалил-Xадир" атты арнайы кітап жазып шыққан. Еңбекте түрлі пікірлерді келтіріп, соңында Қызыр қайтыс болған деген тұжырымға тоқталады. Бұған ең үлкен екі негіздің бірі – Қызырдың Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде шықпағандығы. Себебі, пайғамбарлардың барлығының әкелгені діні – бір. Қызыр тірі бола тұра, Мұхаммедтің әкелген шариғатына бойсұнбаса, Алланың бұйрығына бағынбағаны болушы еді. Сондықтан да, Қиямет таяғанда Иса (оған Алланың сәлемі болсын) көктен түсіп, Мұхаммед Пайғамбардың шариғатына бағынады, мұсылмандардың имамдарының артында тұрып намаз оқиды. Ешкімге де мәңгілік өмір берілмеген Екіншісі – Қызырдың осыншама уақыт ұзақ өмір сүруінің мүмкін еместігі. Алла Тағала Пайғамбарымызға Құранда: «(Ей, Мұхаммед!) Біз сенен бұрын да адамдардың ешқайсысына мәңгілікті (мәңгі өмірді) бермедік. Сен өлсең, олар мәңгі қала ма?» («Әнбия» сүресі, 34-аят) деген болатын. Тіпті Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірде сахабаларымен бірге отырып: «Мына түнді көріп тұрсыңдар ма? Ақиқатында, 100 жылдан кейін дәл қазір жер бетіндегі тірі адамдардың ешбірі де қалмайды» деген (Бұхари, Муслим) Қызыр Пайғамбар мен Қыдыр атаның сипаттары сай келмейді Кейбір ғалымдар Қызырдың Адам Пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) тікелей ұрпағы екендігін алға тартып, егер ол тірі болса болса, бойы 60 шынтақ көлеміндей ұзын болу керектігін айтады. Ал, «Қызыр атаны көрдік» деп жар салушылар мұндай ерекшелікті айтқан емес. «Қыдыр түнінде келген Қызыр» – қарапайым ақсақал емес пе? Қызыр атаның келетіндігін сол түннің Иесі болған Алла айтпаса, біз қайдан білеміз?! Иә, бауырым! Қадыр түнінде ешқандайда Қыдыр ата келмейді екен! Есесіне, бұл түні Раббыларының бұйрықтарын орындау үшін періштелер түседі. Имам Куртуби: «Қадір түнінің құлшылығының даңқы биік болғандықтан бұл түн «қадір түні» деп аталды. Алла Тағала бұл түні қадір-қасиет иесі болған ардақты Пайғамбарға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) аса қасиетті Құран Кәрімді түсіріп, ең қадірлі үмметке нәзіл етті. Ол түні қадірлі, абырой иелері болған періштелер жерге түседі. Жер періштелердің көптігінен тар болып қалады» деген. Қадір түнінде жерге түсетін періштелердің саны соншалықты көп болатыны туралы Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, Қадір түні жер бетінде періштелер ұсақ тастардан да көп болады» деп хабар береді (Ибн Хузайма 2/223). Имам Шаъби : «Қадір түні періштелер таң атқанға дейін мешітте құлшылық еткендерге сәлем береді» дейді. Ал ғұлама Мужаһит: «Қадір түні – тағдыр түні. Оның бұлай аталуының себебі, Алла Тағала бұл түні келесі жылғы Қадір түніне дейін кімнің ажалы жететінін, кімге қанша ризық-несібе бөлінетінін, тағы басқа үкімдерді белгілейді. Содан соң барлығын төрт періштеге: Жәбірәйіл, Исрафиль, Микәйіл және Өлім періштесіне тапсырады» деген. Қызыр атаның келетіндігін сол түннің Иесі болған Алла айтпаса, біз қайдан білеміз?! Ендеше, қайтыс болған Қызыр атаны күткенше, пенделеріне періштелерін түсірген Бір Аллаға құлшылық қылайық!

Теги других блогов: Құран Қадір түні Қызыр Пайғамбар